Ғ.Б.Базарғалиев, п.ғ.к., доцент
Атырау мемлекеттік университеті
Халел Досмұхамедов-Машақов 1883 жылғы 24 сәуірде Атырау облысы (бұрынғы Гурьев) Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы Жарыпшыққан өзенінің бойында дүниеге келді. Халелдің әкесі Беріш тайпасының Жайық руынан тарайтын Тумаш тайпасынан өрбіген Байнақтың баласы Машақ пен анасы Ұйкен заманының парасатты адамдары болған.
Ауыл молдасынан сауат ашқан Халел Ойыл (Көкжар) қаласындағы бір кластық орыс-қырғыз училищесінде бастапқы білім алып, содан кейін Орал қаласындағы әскери-реалды училищені 1903 жылы үздік бітірді. Сол жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық Академиясына түсіп, оны 1909 жылы 17 қарашада алтын медальмен дәрігер дәрежесінде бітіріп шықты. Академияда озат оқуы үшін Халел статский советник Адуингтің және Теңіз ведомствосының стипендияларын алып тұрды. Ол Ресей ғылым академиясының өлкетану бюросының, Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясы мүшелігіне сайланған алғашқы қазақтардың бірі болды.
Х.Досмұхамедов - қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен 20 ғасырдың 20-30 жылдарындағы «алыптар тобының» көрнекті өкілі, «Алаш» қозғалысының көшбасарларының бірі, жан-жақты ғұлама ғалым, ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері. Мамандығы дәрігер бола тұрып тек медицина, гигиена салалары бойынша ғана емес, жалпы табиғаттану, анатомия, физиология, зоология, ботаника, тіл, әдебиет, тарих ғылымдары бойынша да көлемді кітаптар, ірілі-ұсақты мақалалар жариялаған. Медицина мен гигиена, биология мен адам анатомиясы, жалпы табиғаттану саласынан өз заманында шыңға шығып, қоғам сұранысын өтер іргелі еңбектер жазған ғалым рухани және қоғамдық ғылымдар саласында да өшпес із қалдырды.
Х.Досмұхамедов Махамбет Өтемісов, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау тағы басқалардың шығармаларын тірілтті. Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинап жариялады, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған «Қазақ әдебиетінің тарихы» теориялық зерттеуін қалдырды Бар жоғы 55-56 жыл ғұмыр кешкен Х.Досмұхамедов өмірін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады: 1. тұлғалану жылдары (1916 жылға дейін); 2. күрес жылдары (1916-1920); 3. ғылыми-шығармашылық және қоғамдық-педагогикалық қызметпен айналысқан жылдары (1921-1928); 4. қуғын-сүргінге ұшыраған азапты жылдары (1929-1939). Х.Досмұхамедов қазақтың ұлтжанды зиялылары қатарында жалпы ұлтттық саяси «Алаш» партиясын құрушылардың бірі және Алашорда үкіметінің мүшесі болды. 30-шы жылдары қуғынға ұшыраған Х.Досмұхамедов жеті жылға Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылды. 1938 жылы «Халық жауы» айыбымен тұтқындалып, 1939 жылы 23 сәуірде ІІХК Әскери трибуналының шешімімен ату жазасына бұйырылады. 1939 жылдың 19 тамызында түрме ауруханасында өкпе ауруынан қайтыс болды. 1958 жылы 11 ақпанда КСРО Жоғары Соты Әскери коллегиясының шешімімен ақталды. Халқымыздың аяулы перзенті, біртуар тұлға Х.Досмұхамедұлының өмірі артында қалдырған мұрасымен жалғаса береді. Ол өзі «Бұл дүниеде түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақтың арасында аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі»,-деген еді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті осынау асыл ердің өмір ұлағаты мен ғылыми мұрасының жастар санасында зерделене түсуіне еңбек етеді.
Халел Досмұхамедұлы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократиялық бағыттағы зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы – педагог Қазақстанда және Түркістанда ғылым мен білім беру, денсаулық сақтау ісін талантты ұйымдастырушы болды. Белгілі ғалым, академик – жазушы Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, шын мәнінде халқымыздың ояну дәуірі туғызған алыптардың қатарында жарық жұлдыздар шоғыры секілді Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев есімдерімен қатар Халел Досмұхамедұлы есімін атауы бұл өмірге сирек келетін дарын иесі, әмбебап ғалым Халел бабамызға берілген әділ баға болып табылады. Ол Атырау облысы Қызылқоға өңірі, әсіресе Тайсойған Исатай мен Махамбет сынды қол бастаған батырларды пана еткен, Мұрат сынды ел мұңын жырлаған жыраулар шыққан, қазақ әдебиеті мен өнерінің талай-талай өкілдері өскен Атырау өңірінде, өткен ғасырдың аяғында дүниеге келіп, сол заманның, сол қоғамның ең таңдаулы өкілдері ғана оқитын жоғары оқу орны – Санкт Петербургтегі Императорлық әскери – медициналық академияны алтын медальмен бітіру – бұл таңғажайып қабілеттің, табиғат сыйлаған ерекше дарынның белгісі емеспе?
Халел Досмұхамедұлының табиғи дарынының ғұлама ғалым ретінде бай мүмкіншіліктерінің жан-жақты дамыған кезеңі – кеңестік кезеңде болатынды. Оның энциклопедист ғалым ретінде қоғамдық-педагогикалық, ғылыми жұмысының ең жемісті кезеңі 1920-жылдан бастап, 1930 жылдарға дейінгі ташкенттік кезеңі. Бұл кезең Х.Досмұхамедұлының әртүрлі қоғамдық, мемлекеттік, ғылыми-педагогикалық, оқу ағартушылық, ұйымдастырушылық, ұстаздық сан-қилы, әртүрлі деңгейдегі жауапты жұмыстарды атқарумен тығыз байланысты. Бұл кезеңде Х.Досмұхамедұлының сіңірген еңбегі мен жан-жақты ғылыми және рухани мұрасын дұрыс бағалау үшін сол кездегі республикамыздың қоғамдық-саяси, ағарту майданында өзімен бірге ат салысқан, әділдіктің туын биікке көтерген белгілі қоғам қайраткерлері мен ұлтымыздың зиялылары, өз тұстастары мен ғылыми ортамен тығыз байланыста, бірлікте қарастырған жөн. Сол кездегі белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері, ғалымдар, қазақ өнері мен мәдениетінің танымал майталмандары Халелмен бірге Ташкенде Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Мұқтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермеков, Мұқамеджан Тынышбаев, Әбубәкір Диваев және т.б. Түркістан Республикасының басшы орындарында ғылыми мекемелер, халық ағарту орындары мен жоғары оқу орындарында жұмыс істеді.
Бұл кезеңде оның бүкіл ғылыми-педагогикалық, шығармашылық еңбектерінің дүниеге келуі осы кезеңде іске асты. 1920 жылы «Алаш» партиясы таратылып, оның Батыс бөлімінің жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлына Кеңес үкіметі тарапынан кешірім жасалды. Осы жылы ол Ташкент қаласына келіп, Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау және Халық ағарту комиссариаттарында жауапты жұмыстармен қатар, жоғары оқу орындарында ұстаздық және ғылыми-педагогикалық, шығармашылық жұмыстармен айналысты.
Х.Досмұхамедұлы Ташкентте өткізген 10 жылының ішінде шын мәнінде Қазақстан мен Орта Азияда денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы ұйымдастырушысы болды. Ол өзінің ғылыми-педагогикалық қызметімен өлкеде маман кадрларды даярлауға, халықтың денсаулығын сақтауды ұйымдастыруға, халық ағарту ісі мен жоғары білімді дамытуда ерекше үлес қосты. Әсіресе, ол Ташкент қаласында ұлт зиялыларын өз төңірегіне топтастыра отырып, ұлт мектептері мен жоғары оқу орындарына арналған алғашқы қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда сіңірген еңбегін ерекше атауға тиіспіз. 20-ғасырдың бас кезінде Х.Досмұхамедов Халық ағарту Комиссариатының Білім комиссиясын басқарып тұрған кезінде бір топ қазақ зиялыларына қазақ тілінде жоғары оқу орындары мен ұлт мектептеріне арналған әртүрлі ғылым саласында оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға тапсырма беріп, ұсыныс жасады. Алғаш рет қазақ топырағында Мағжан Жұмабаев қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын, Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулығын жазды.
Бұл оқулықтардың бүгінгі күнге дейін өз мәні жойылған жоқ. Ол оқулықтар бүгінде баспадан қайта басылып, қазақ студенттерінің қолдан-қолға түспейтін оқу құралдарына айналды. Бүгінде қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жасақтау, оның сапасын арттыру мәселесіне Ел Президентінің биылғы жылғы Қазақстан халқына жолдауында ерекше мән берілген болатынды. Әсіресе, қазіргі мемлекеттік тілде жазылған оқулықтардың сапасын жаңартуға ерекше назар аударды. Қазір ұлт мектептері мәселелері күн тәртібіне қойылып отырған жағдайда өткен ғасырдың 20-жылдарының өзінде ең алдымен халыққа қажет кезек күттірмейтін зәру мәселелерді оның ішінде тұңғыш қазақ тілінде оқулықтар жазуды қолға алуы, оның көрегендігін аңғартады. Ана тілінің, мемлекеттік тілдің жәйі, ұлт мектептерінің, ұлттық терминология мәселелері бүгінгі таңда да өзекті, маңызды, күн тәртібінен түспей отырған мәселелер болып табылады. Оның Қазақстанда жоғары мектептің қалыптасуына, ұлт кадрларын даярлауда, баспа ісінің қалыптасуына, жаңа ашылған қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жасауда өзіндік қолтаңбасы бар ғұлама ғалым.
Халел Досмұхамедұлы – жаратылыстану цикліндегі пәндер бойынша алғашқы қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың авторы. Оның қаламынан, әсіресе, І және ІІ сатыдағы қазақ мектептеріне арналған «Өлі табиғат» оқулығы (1920), «Жануартану» (3 бөлімнен тұрады), «Табиғаттану» (1922), «Оқушылар гигиенасы» (1925), «Адамның тән тіршілігі», «Денсаулығыңды сақта» және т.б. оқулықтары кезінде жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептеріне өте қажетті оқулықтар болған болса, бүгінде өз мәнін жойған жоқ. Х.Досмұхамедұлының ғылыми мұрасының ең негізгі бағыттарының бірі – тіл білімі мен әдебиет, тарих және этнография мәселелері. Оның «Қазақ әдебиеті», «Аламан», «Мұрат ақынның сөздері», «Шернияз шешен», «Исатай-Махамбет», «Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат түрік», «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты ғылыми еңбектерін жазуы, оның жан-жақты терең, энциклопедиялық білімін аңғартады.
Х.Досмұхамедұлының сан-сапалы ғылыми мұрасының ішінде халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері, ғалым-педагог ретінде Қазақстанда Жоғары педагогикалық мектептің қалыптасуы мен дамуы тарихында алатын орны ерекше. Қазақстанның өзінің жоғары оқу орындарының болмауы, арнаулы білім беретін мектептердің аздығы педагогикалық кадрларды шешуде айтарлықтай қиындықтар туғызды. Республика жағдайында сол жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарын ұйымдастыруда ешқандай да мәдени және материалдық жағдай болмады. 20-жылдардың бас кезінде негізінен маман кадрлар республикадан тыс жерлерде Санкт-Петербургте, Москвада, Қазанда, Омбыда, Уфада, Ташкенде, Астраханда және т.б. қалаларда даярланды. Міне осындай қиын кезде Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу ауадай қажет болды. Бұл мәселе республика құрылған күнінен бастап, әртүрлі ұйымдар мен мекемелерде талқылана бастады. Әсіресе, педагогикалық білім беру саласында оқу орнын ұйымдастыру қажеттілігі ерекше сезілді.
Сондықтан да республика үкіметі алдына жоғары педагогикалық оқу орнын ашу туралы мәселе алғаш қойылғаннан бастап, Х.Досмұхамедұлы осы мәселенің басы-қасында болып, оны ұйымдастыруда орасан зор еңбек сіңірді. Жоғары оқу орны республика астанасында ашылуы қажет еді. Алайда, оқу үйінің болмауы, маман ғылыми қызметкерлердің жетіспегендігінен, Қазақстанға жақын орналасқан сол кездегі ірі мәдени арталық Ташкент қаласында уақытша ашуға тура келді. Ташкентте ол кезде бірнеше жоғары оқу орындары болды, оның ішінде 1920 жылы Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып, Түркістан университеті ашылған. Кейіннен Орта Азия университетіне айналды. 1920 жылы 2 желтоқсанда Ташкентте қазақ тілінде оқитын Қазақтың халық ағарту институтын ашу туралы Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы жарияланды (қараңыз: Түркістан Орталық атқару Комитетінің хабаршысы, 1920, 2 желтоқсан). Осы ірі мәдени орталықта Қазақтың халық ағарту институты тез қарқынмен нығайып, өз қызметін жан-жақты дамытты. Оның оқу-тәрбие және ғылыми жұмысына Х.Досмұхамедұлы да белсене араласты. 1925 жылдың 15 тамызынан бастап, Ташкент қаласында «Қазақтың жоғары педагогикалық институты «Казпедвуз» деген атпен ашылып, жұмыс жасауға кіріскен болатын-ды. Халел жетекшілігімен жұмыс істеген комиссия Ташкенттегі Қазақтың Жоғары педагогикалық институтының оқу жоспарының жобасын жасағанда РСФСР педагогикалық институттарының жобасынан өзгеше жасалынды.
Мұндағы басты қағида – пәндер бағдарламаларында жергілікті ұлттық ерекшеліктерді ескеру. Ташкенттегі Қазақтың жоғары педагогикалық институтының жұмысына Орта Азия университетінің ең таңдаулы ғалымдарымен қатар Москва және Ленинград қалаларынан белгілі академия ғалымдары шақырылды. Сонымен қатар институтта оқу-тәрбие жұмысы мен дәріс беруге жергілікті қазақ зиялыларының арасынан шыққан Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермековтермен қатар профессор Х.Досмұхамедұлы да болды. Ташкент қаласында ұйымдасқан Қазақтың жоғары педагогикалық институтының тұңғыш ректоры болып, Орта Азия университетінің түлегі, халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері Темірбек Жүргенов тағайындалды, оның проректоры болып Х.Досмұхамедұлы жұмыс істеді.
Ол институтта педология пәнінен дәріс берді. 1928 жылы Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары педагогикалық институтының негізінде ұйымдасқан Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – қазіргі Абай атындағы Қазақтың ұлттық мемлекеттік университетінің негізін қалаушылардың бірі, бірінші проректоры Халел Досмұхамедұлы болды. Ол 1924 жылы Ресей академиясы Орталық өлкетану бюросының корреспондент мүше болып сайланды. 1929 жылы университеттің педология кафедрасының профессоры ғылыми атағына ие болды. Қазір біз өз тарихымызды жалтақсыз зерттеп, тіліміздің, өнеріміздің, рухани мұраларымыздың терең тамырын тануға кірістік.
Халқымыздың ғылымын дамытуға, тілін сақтауға, тарихын зерттеуге, өнері мен әдебиетін өркендетуге, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосқан, аласапыран жылдарда қазақ елінің болашағын ойлап, өз өмірін құрбан еткен алыптарымыздың қатарында ғұлама ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедұлының туғанына биылғы жылы сәуір айының 24 жұлдызында 128 жыл толады. Бұдан 17 жыл бұрын 1994 жылы 23 мамырдағы Министрлер Кабинетінің шешімімен Атырау мемлекеттік университетіне ғұлама ғалым Халел Досмұхамедұлының есімінің берілуі Атырау облысы жұртшылығының мәдени өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Халел бабамыздың есімінің ортамызға қайта оралуы, оның жан-жақты сарқылмас ғылыми мұрасын зерделеуге және Халелтану тағылымын терең зерттеуге мүмкіншілік жасады. Ғұлама ғалымның ғылыми мұрасы соңғы жылдары әр қырынан жан-жақты зерттеліне бастады. Ғалым мұрасын зерделеу 1993 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында, сол жылы Атырау мемлекеттік университетінде
Халел Досмұхамедұлының туғанына 110 жыл толуына арналып өткізілген ғылыми-теориялық конференциялардан бастау алады. Атырау университетінде 7 рет өткен ғылыми-теориялық конференцияның материалдары негізінде «Ғұлама ғалым, ағартушы педагог» атты ғылыми жинақтар жарық көрді. Міне, осы кезеңнен бастап, республикалық және жергілікті басылымдарда ұлы бабамыздың әртүрлі ғылым саласын дамытуға сіңірген еңбегі мен ғылыми мұрасын жан-жақты зерделеуге арналған еңбектер мен мақалалар жарық көрді, ұлы ғұламаның ғылыми мұраларынан республика көлемінде алғашқы кандидаттық диссертациялар қорғала бастады. Ғұлама ғалымның мұрасының зерттелуі туралы айтқанда 1996 жылы «Санат» баспасынан алматылық ғалымдар Қ.Нұрпейісов, М.Құлкенов, Б.Қабижанов, А.Мектеповтердің авторлығымен «Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы» атты тұңғыш жарық көрген ғұмырнамалық еңбек болып табылады. 1998 жылы белгілі ғалым Р.Сыздықованың ғылыми жетекшілігімен «Халел Досмұхамедовтың таңдамалы шығармалары» атты ғылыми жинақ дүниеге келді (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1998). Халел Досмұхамедұлының жан-жақты ғылым салаларын қамтитын ғылыми мұрасын зерттеуде белгілі ғалымдар З.Қабдолов, М.Қазыбаев, Р.Сыздиқова, К.Нұрпейісов, М.Құлкенов, А.Мектепов, Ғ.Анес, Б.Хабижанов, Д.Абдрахимова, Ө.Озғанбай және т.б. авторлармен қатар жергілікті атыраулық зерттеушілеріміз де бұл бағытта біршама жұмыстанып келеді.
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Халелді тануда және оның ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеуде және насихаттауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ғұлама ғалымның ғылыми мұралары Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті жекеленген кафедралары оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына енгізілді. Республикалық Халел Досмұхамедұлы оқуларының ұсыныстары негізінде университетте жалпы және халықтық педагогика кафедрасының жанынан «Халелтану» ғылыми-педагогикалық зертханасы ашылды. Зертхана қазіргі кезде Х.Досмұхамедұлы атындағы университет жанындағы ғылыми-педагогикалық зерттеулер орталығына айналды. Х.Досмұхамедұлы мұрасы жөнінде 7 кітап, 7 республикалық-тәжірибелік конференция материалдары жинағы 200 тарта әртүрлі республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрген Халелтанушылардың ғылыми мақалаларымен қатар, Өзбекстан Республикалық Орталық мемлекеттік мұрағатынан 200 тарта алынған құжаттар жинағы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатынан алынған 164 мұрағат құжаттары, Ұлттық ғылым академиясының сирек кездесетін кітаптар қорынан 1922-26 жылдары шыққан құжаттар осы «Халелтану» ғылыми орталығы арқылы зерттеуші қауымға, ізденуші студенттерге және магистранттарға ұсынылып отыр. Дей тұрғанмен, Халелтану ғылымын қалыптастыруда ұлы ғұламаның жан-жақты ғылыми мұрасын толықтай танып болдық, зерттелді деп айта алмаймыз. Сондықтанда біз әлі де болса, Халел бабамыздың әр ғылым саласында қалдырған ғылыми мұрасын зерделеуде «Халелтану» ғылыми-зерттеулер орталығының мүмкіншіліктерін кеңінен пайдалана отырып, оның төңірегіне республикадағы халелтанушы ғалымдар мен Атырау мемлекеттік университетінің ғалымдарын топтастыра отырып, «Халелтану» ғылымын қалыптастыруда кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізе бермекпіз.
Источник: сайт АТГУ им. Х.Досмухамедова
- Войдите или зарегистрируйтесь, чтобы отправлять комментарии