Сәуір айының 27 күні С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде "Халел Досмұхамедов және қоғамдық денсаулық сақтау" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға аталған оқу орнының студенттері, профессорлық-оқытушылық құрамы және сырттан шақырылған медицина саласының жетекші мамандары қатысты. Сонымен бірге конференцияға арнайы қонақ ретінде қазақтың белгілі ғалымы Х.Досмұхамедовтың ұрпақтары да келді.
Іс-шара барысында конференция қатысушылары баяндамалар жасады. Атап өтетін болсақ, ҚазҰМУ-дың факультет деканы Қайрат Давлетов, осы университеттің профессоры Болат Хабибжанов және Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің директоры Талапқали Ізмұхамбетов өз ойларымен бөлісті. Олардың бәрі де өз сөздерінде Х.Досмұхамедовтың Қазақстанның медицина саласының қалыптасуы мен дамуында үлкен із қалдырғанына аса назар аударды. Расында, ХХ ғасырдың басында жазылғанына қарамастан, Халелдің еңбектері әлі күнге шейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өзінің медицинаға қатысты көптеген мақалаларында ағартушылық мақсат көздеді. Яғни, Х.Досмұхамедов қарапайым түсінікті тілмен қазақ қоғамына медицинаның негіздерін жеткізуге тырысты.
Сондай-ақ, конференция барысында "Арыс" баспасының өкілі Орынбек Анесов Халелге арналған жаңа кітапты жұртшылыққа таныстырды. Осы орайда айта керу керек, іс-шараға қатысушылардың көбісі Х.Досмұхамедовтың немересі Дина Ерғазықызы Әбдрахимованың өзінің әйгілі атасының идеяларын таратуда үлкен рөл ойнағандығын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Халелдің ұрпақтары да сөз сөйледі. Олардың ішінде қазіргі таңдағы Қазақстандағы атақты саясаттанушылардың бірі Сұлтан Әкімбеков боды. Ол Халелдің ең басты мұраларының бірі оның өзінің артынан қалдырған көптеген жазбалары екендігін айтты. С.Әкімбековтың пікірінше, ХХ ғасырдың басында да, бүгінгі күнде де Қазақстанда сапалы ғылыми жазбалардың жетіспеушілігі байқалады. Осы себепті Х.Досмұхамедовтың еңбектері осы күнге шейін үлкен маңыздылыққа ие.
Жиын соңында қатысушылар Халелдің жұмыстарын одан әрі насихаттау мен оның аты ұмытылмау керектігімен келісті.
- Войдите или зарегистрируйтесь, чтобы отправлять комментарии